

Дүние басты құндылыққа айналған заманда Адам болып қалу, отбасын сақтау, ар алдындағы жауапкершілікті сезіну оңай емес. Қойылымның мақсаты - көрерменге сол құндылықтарды насихаттау.
Спектакльде қарттар үйінде күн кешіп жатқан жандар мен осында уақытша әкелінген балалар үйінің тәрбиеленушілерінің ұқсас тағдырлары арқылы қоғамдағы әлеуметтік үлкен мәселенің беті ашылады. Автордың идеясын дамыта отырып, қоюшы режиссер қойылым арқылы жақындарынан қағажу көрген қария, ата-ана мейірімінсіз өсіп келе жатқан жаутаңкөз жетімдердің жалғыздыққа ұшыраған ішкі жан-дүниелерінің айқайын жеткізіп, олардың келер күнге деген үміті мен сенімдерін өшірмеуге, қоғамда белең алып отырған осынау дерттің одан әрі асқынып кетпей, алдын алуға шақырады. Отбасын шайқалтпай ұстап, бір-бірінің қателігін түсінуге, кешіре білуге, қартын қадірлеп, жетімін жылатпаған халқымыздың ата дәстүр, асыл қасиетін жоғалтып алмай, сол арқылы адами құндылықтарды жоғары ұстауға үндейді.
Санаға сәуле, жүрекке салмақ түсірер спектакльден көрерменнің көңілге түйері көп.