

«Өнер әуендері» - Almaty Museum of Arts пен Қазақстанның Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының бірлескен мәдени-ағартушылық жобасы. Жоба музей кеңістігінде камералық концерттер сериясын ұйымдастыра отырып, Қазақстанның дарынды жас музыканттарын қолдауға және олардың шығармашылығын насихаттауға бағытталған.
Viva Maestri ансамблі - академиялық орындаушылық өнердің шексіз мүмкіндігін танытуды мақсат еткен Қазақстанның көрнекті музыканттарының бірегей шығармашылық бірлестігі. Ұжымның концерттік бағдарламасында барокко дәуірі мен жаһандық классика жауһарлары қазақтың күйшілік мұрасымен үндестік тауып, мәдениеттер мен дәуірлер арасында әсерлі музыкалық сұхбат құрады.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі - халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі» атағының иегері, Баян тартушылар мен
аккордеоншылардың дүниежүзілік қауымдастығының мүшесі әрі Қазақстанның ЮНЕСКО клубтарының елшісі Ғалымжан Нарымбетов.
Жүріп өткен жолы ұзақ жылдарды қамтымаса да, ансамбль халықаралық деңгейде мойындалып үлгерді. Ұжым Accordion Star International беделді байқауында (АҚШ, 2022 және 2023 жылдар) І дәрежелі лауреат атанып, сондай-ақ Еуропада өткен бірқатар халықаралық музыкалық фестивальдердің жеңімпазы болды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға баруға болады.
Мұражайға кіру билет құнына қосылған.